2026 жылғы 16 маусымда Алматы қаласы, Сейфуллин көшесі, 597 мекенжайында орналасқан Бостандық ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Асық ату» ұлттық ойыны бойынша қалалық жарыс өтті. Жарысқа Алматы қаласының сегіз ауданының зейнеткерлер командалары қатысты.

Іс-шараны Алматы қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары – жауапты хатшы, спорт жөніндегі комиссияның төрағасы Токмолдаев Н.М., қалалық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бас директоры С.С. Бекетаева және Бостандық аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Саденов Ж.С. ашты. Олар қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.

«Асық ату» – қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін ең көне ұлттық ойындарының бірі екені атап өтілді. Бүгінде бұл ойын қайта жаңғырып, ұлттық спорт түрлерінің арасында маңызды орын алып отыр.

Турнирге құрамында 24 ойыншы өнер көрсеткен сегіз команда қатысты. Қатысушылар мергендігін, ептілігін және шеберлігін көрсетті.

Командалық біріншілік қорытындысы бойынша орындар былайша бөлінді:

I орын – Наурызбай ауданының командасы;
II орын – Түрксіб ауданының командасы;
III орын – Бостандық ауданының командасы.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубоктар, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттар табыс етілді. Марапаттарды Н.М. Токмолдаев пен Ж.С. Саденов тапсырды. Барлық қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, ұлттық ойынның дамуына өз үлестерін қосты. Мұндай іс-шараларды өткізу ұлттық дәстүрлерді сақтауға ықпал етеді.