Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық «Түркістан» газетіне берген сұхбатын ризашылықпен оқып шықтым. Сұхбат желісінде ел басқарудың, стратегиялық дамудың бағыты мен қоғамның, мемлекеттің өзара іс-қимылы және қоғамдық қатынастардың жаңа даму кезеңін жетілдіру мақсатында істеліп жатқан іргелі істер туралы жан-жақты қамтылыпты.
Сұхбаттан замана тынысын, онда өмір сүріп жатқан адамдардың тыныс-тіршілігін, олардың ой-мақсаттары мен жан-дүниесін сезесің. Одан адам болмысындағы алаңдаушылықтар мен оны шешу жолдарындағы ахуалынан хабардар боласың. Бәрін жоққа шығаруға болмас, өткен жылы елімізде іргелі істер көп болды. Ең бастысы, тыныштық ахуалының орнауы, адамдардың бірлігі мен ынтымағы жарасым тапты. Мемлекет басшысы осы туралы ашылып сөйлепті. Ең бастысы, сұхбатта еліміздің даму барысының архитектурасын жаңғырту жолындағы айрықша бетбұрысты көреміз. Сұхбатта еліміздің болашақта жаңа заман талаптарына лайықты тың жолмен дамуының негізгі алғышарттары айқын көрсетілген. Ондағы бастамаларды жүзеге асыру арқылы ел әлеуеті артып, экономикасы нығайып, жаңа даму деңгейі көтерілетіні әңгіме арқауына айналған. Бұл халқымыздың болашағына сенімін арттыруға сенімділік ұялатады. Осы даму жолында бірлігімізді танытып, жұртшылық мүддесін алғашқы орынға қоюымыз керек. Ол – ХХІ ғасырдың сын-қатерлеріне жауап беретін кепіл болмақ. Ең бастысы, ойға алған мақсатымызды орындауда халқымыздың бойында жасампаздық пен ерік-жігер бар.
Президенттің «Түркістан» газетінің ықпалды газет екендігін және атының өзінде үлкен мағына бар екендігін айтып қана қоймай, оны тұрақты оқып отыратындығы байқалады. Адамдар түбі газет-журнал оқуға қайтып оралатын болады. Ғылыми-техникалық прогрестің түбіне жеткен жапон елі қазір жаппай мерзімдік басылымға көңіл бөліп отыр.
Жапония – ХХ ғасырдың ортасында катаклизмді басынан өткерген ел болатын, өйткені олар сол тұста мерзімдік басылымдарды оқи отырып, тез ес жиған. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Жапония премьер-министрі Накасонэ: «Әлемдік ғажайыптың түк құпиясы жоқ, өйткені біз, оттан, судан өткен отандық басылымдарды оқимыз»» деген ой айтқаны бар. 30 жылдан бері тұрақты шығып келе жатқан «Түркістан» газеті де, халықаралық қауымдастыққа танымал ең беделді басылымдардың бірегейі. Премьер-министр айтпақшы, сол тұста елде шығатын ықпалды басылымдарды тілдесудің гармониялық үйлесімі ретінде көрген. Оның әрбір жолында моральдық қағида жатқандығын сезінген. Мемлекет басшысының сұхбатынан да осы аңсауды көресің.
Қазақ халқы – өнертапқыштыққа, жаңашылдыққа бейім халық. Егер қызығушылық танытсақ, таяу арада өркениетке ұмтылған елдердің қатарынан табылатынымыз анық. Қазіргі таңда әрбір сала жасанды интеллектіні жұмыс барысында қолдануға тырысып жатыр. Цифрлы технологияның бұл реттегі рөлі қандай және оның болашағы нендей болады? Айтуға болар, болашақта басылымдар бір-бірімен емес, жаңалықтарды жылдам тарататын әлеуметтік желілермен бәсекеге түсетін болады. Бұдан қоғамның түк жасандылығы жоқ шынайы, көзге тіке қарайтын адамдарды көргісі келетінін байқайсың. Ол үшін – білім, жаңа ой керек.
Конфуций ілімінің «Төрт кітабының» бірі – ұлы ілімді, өнегелі тәрбиені, отбасын сақтауды, елді жақсы жағынан басқаруды және әлемде бейбітшілік сақтауға үлес қосуға үндейді. Оның түп-төркінінде идеалды қоғам құру идеясы жатыр. Біз сұхбаттан осыған шақыруларды көрдік. Президенттің «Жаңа Қазақстан» идеясы жастарға қоғам өмірінің барлық саласында бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашып отыр. Бүгінгі таңда елімізде 5 миллионнан астам жастар өмір сүріп жатыр. Бұл деген әлеуетті үлкен күш. Сұхбатта жастар туралы жарқын сөздер бар. Сондықтан сұхбат туралы ұжымдарда, халық арасында тиісті деңгейде ақпараттық-насихаттық жұмыстарын жүргізсе дұрыс болар еді.
Ол адамдардың Отанына деген намысын туындатын, қалыптастыратын факторлардың бірі ретінде өз елінің жетістігіне және қазіргі заман мәселелерінің шешілуіне жауапкершілікпен қарауға септігін тигізері анық. Ондай сезім сол елде жасалған игі істерді туындатып жатады. Бұл тұрғыда да сұхбатта нақты жауаптар бар.
Президент сұхбатында экономикалық тақырыптар мен қатар шаруашылық сипаттағы тың тақырыптар да қозғалған. Әсіресе, қалалар мен ауылдардың инфрақұрылымын дамыту дер кезінде қозғалған. Біз шын мәнінде аталмыш мәселелерге өткен жылдары тиісті көңіл аудармаған болсақ, енді бұл жөнінде жергілікті атқарушы органдарға ойланатын нақты мәселелер көтеретін мезгіл жетті. Әңгіме ауаны – ұлттың ортақ мақсаттары мен алға жылжуын нығайтуды көздеген ниетті көрдік.
А. Бижанов,
Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы,
ҚР Сенаторлар кеңесінің мүшесі,
академик
Қоғам айнасы – өзіміз
Өмірдің бір жазылмаған заңы – ұлылықтың тым кішіпейіл, көзге ұрып тұрар жылтырақтан ада, ішкі болмыста болатыны белгілі. Жаратылысында әрбір адам өз тіршілігі үшін және жоғары кемелдік дәрежесіне жету үшін көп нәрсені қажет етеді. Ал мұның бәріне ол жалғыз жүріп жете алмайды, сондықтан белгілі бір адам қауымына мұқтаж болады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатында әлеуметтік желінің адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зияны бар екені жөнінде айтқаны орынды. Жасы қырыққа жетпесе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойғандар бар екенін атап өтті.
Әлеуметтік-экономикалық тұрмыс-тіршілігіміздің жақсарғаны болар, бүгінде 60–70 жастағылардың өздерін әлі жаспыз деп ойлайтыны – шындық. Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, жырау жыршысы Жамбыл Жабайұлы былай дейді: Болар бала 15 жаста баспын дейді, Болмас бала 40 жаста жаспын дейді. Бұрындары 40 жасқа толғандарды «қара сақалды» деп, ал 60 жастан асқандардан ақыл сұра деп отырушы еді. Осы ұстанымдарды ұмытып кеткен тәріздіміз.
Біз, үлкен буын өкілдері, «Қартын құрметтемеу – қоғамның ең үлкен дерті, барлығы осыдан басталады» деп жиі айтамыз. Дұрыс-ақ. Ал осы олқылықтың кінәсі кімде? Көбіне желіге сілтейміз. Әлеуметтік желіде үлкен-кіші демей, ойымызға келгенді жарыса жазып, айта береміз. Сонда жік қайдан түсті?
Менің ойымша, жастарға сенім арту, оларды түрлі «қиғаштықтан» қорғау, фактілерге адал қарап, бүкпесіз, ашық түсінік беру қажет. Ол үшін жаңаша ойлау жүйесін меңгеру, мәселелерге терең сипаттама беру керек.
Біз қазір «жасанды интеллект» деп жар салып, қолға алып жатырмыз – бұл дұрыс. Бірақ ұстанымымыз бен дамуымыздың қайсысы алда? Өткенге көз жүгіртейікші: қаншама бастамалар мен реформаларымыз, әсіресе білім және ғылым саласындағы, болашаққа, адамгершілікке бағыт-бағдар беруі тиіс еді. Шетелдердің тәжірибесінен өнеге аламыз деп, кейде сараламай, дәйектемей, өзімізге бейімдемей қолдандық, ақыры жүзеге аспаған дүниелердің құрбаны болдық.
Президентіміздің «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады» деген пікірі орынды. Сондықтан уақытында қамданып, көштен кейін қалмайық. Аптықпай, байыппен алға шығайық.
Шындық пен ақиқатты бейімдеу оңай емес. Сондықтан қазіргі кезде түрлі реформаларға үреймен қарайтынымыз да осыдан. Мен де қоғам мүшесі ретінде ғұлама қаламгер Мұхтар Әуезовтің: «Алдыңғы жақсы, артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаны қайсы?» – деген даналық сөзін еске аламын.
Әркімнің жолы әртүрлі. Бірақ әркім де өзінің жеке мақсатына жету үшін ортақ «рецепт» бар десек, қайталап айтамын, ол – қажымай-талмай еңбек ету, үнемі жетілуге, өсуге ұмтылу.
Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде аса қарапайым, қоңыр күйде туған халқымен бірге заманның ыстық-суығына көніп, жөн сілтеген ағаларының абыройын түсірмей, өздерінің тынымсыз ізденісі мен ізгі еңбегі арқылы халық құрметіне бөленіп жүргендер де баршылық.
Туризмнің дамуына тұмса табиғатты қорғау деген желеумен кез келген жобаға қарсы науқан ұйымдастыратын кейбір экобелсенділер де зиян келтіріп отыр деп атап өтті Президентіміз. Бұл тұрғыда Ахмет Байтұрсынұлының: «Дұрыстық пен бұрыстықты білмеген жұрт азады» деген сөзін ескерген жөн сияқты.
“Берекелі ел болса, жағасы жайлау бір көл. Жапырағы жайқалып, соқса жел бұлғақтайды. Жан-жағынан күркіреп аққан сел құйып жатса, оның малы өзгеден өзгеше өсер төл. Берекеңді қашырма, ел тыныш болса – жақсы” деп Хәкім Абайымыз айтып өткен болар.
Адамзат баласына табиғат – кең сарай, мәңгі тозбас баспана. Табиғатқа су, құсқа ауа, аңға орман-тоғай, тау мен дала қандай қажет болса, Отан деген ұғым да сонша қажет. Ал табиғатты сүю – Отанға қамқор болу деген сөз. Осы қағиданы ұстансақ жарар еді. Дегенмен кей тұста асыра сілтеушілікке жол беріп жүргенімізді де мойындағанымыз жөн.
«Есіл көзден нұр тайса, бір көруге зар болар». Қазіргі және өткен кезеңдердегі экологиялық өзгерістерді зерделеу – экологиялық мәдениет, экологиялық мінез-құлық, экологиялық нұсқаулар, қоқыс мәселесі, әлеуметтік жағдайды жақсарту, білім жетістіктері сияқты ұғымдардың барлығы экологиялық жауапкершілікпен философиялық, социологиялық, салыстырмалы, құқықтық, педагогикалық салалардың бірлесе жұмыс жасауын түйіндейді. Қалай десек те, оның бір ғана жауабы бар – ол өзімізде. Жақсылықты да, ізгілікті де, сонымен бірге жауыздықтың неше түрін ойлап, жүзеге асыратын да – адам.
Қыран мен қарғаның, биік пен аласаның айырмашылығын шатастырып жүрген кейбір бизнес өкілдерінің өмірі сән-салтанатқа толы. Олар түрлі тарихи себептер мен ұлт болмысындағы ерекшеліктерге байланысты қайырымдылық, ұстанымдылық сияқты қасиеттерге мән бере бермейтіні де жасырын емес. Бұл ретте маңдай тер мен адал еңбек басты сүйеу болуы керектігін ескерткен жөн.
Әркімнің туған жері – өз Мысыры, оқыған жері – алтын ордасы. Көш жығылмай, жолаушы сүрінбей өтпейді. Сондықтан қателік пен кемшілікті мойындап, түзелгеніміз дұрыс болар.
Алла адамды бірдей жаратпаған. Бірақ адамдар арасындағы айырмашылық – бойына жиған тәрбиесінде, парасатында, адами қасиеті мен білімінде.
Президентіміз бекіткен «Мерейлі» ордені елге жанашырлық көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлер мен қарапайым жандардың қоғам алдындағы абырой-беделі мен мәртебесін көтеруге септігін тигізетініне күмән жоқ.
Дүниеде ешнәрсе баянды емес. Жамандық та мәңгі емес. Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол, жақсы жаздың келмеуі мүмкін емес. Осы орайда Президент нұсқап айтқандай, Абайдың 37-қара сөзіне жүгінейік.
Жастарды рухани-адамгершілікке және патриотизм сезіміне тәрбиелеу – бүкіл халыққа ортақ міндет. Отбасылық тәрбиелілік, сабырлылық, өмірге байыппен қарау – Президентіміздің жастардың қауіп-қатерден аман болуын тілеп, жанашырлық танытуының көрінісі.
Уайдин Үмбетбай Уайдаұлы ағамыздың: «Адам өмірінің ұзындық өлшемі – ұзын жол, қысқа жол. Бәрі-бәрі жол. Өмір жолы… Жастықтың мастығы!» деген сөзі де ойға оралады. Беті аулақ, жастарымыз да, баршамыз да аман болайық. Айыппұлға ашынғанмен, тәртіпке келгенімізді де мойындағанымыз жөн. Жол ережесі, тәртіп – басты қағида болу керек. Отаншылдық деген ұлы сезім жылтырақ сөзбен, жалған әрекетпен бағаланбауға тиіс, – деп Президент орынды айтты.
Мен ұлтыммен мақтанамын. Қазақ халқы – мінез-құлқы асыл текті, кең пейілді, әлемде ең абыройлы, мызғымас күшке ие, ынта-жігері мол халық. Оған тарих куә.
Ұлттық руханиятымыздың отын өшірмей, әр заманның тұлғаларын терең танып, келер ұрпақпен сабақтастыра білу – ең басты парызымыз.
Мақсатымыз – ұрпақтар жалғастығы арқылы қоғамдағы бірлікті нығайту.
Ел бірлігі – басты мақсат. Қазіргі әлемде бір елдің екінші елге қауіп төндіруі, экономикалық ахуалдың ушығуы – адамзат баласына қиянатпен тең.
Рухани өміріміздің ертеңін ойлап, кемел биігіне көтереміз десек, ең басты адами ресурс – жас буын. Жастар – біздің болашағымыз.
Қазіргі жастар - өте талапшыл, әрі талғампаз. Мемлекет басшысы әлеуметтік желіде жиі айтылатын «Қазақстан прайм-дәуірге қадам басты» деген пікіріне сәйкес мынадай ой қалыптасады, “Заман сипаты: біреулерге - кешегі дәуірмен қоштасуға тура келеді. Олар үшін бұл - күйреу кезеңі. Екінші біреулерге - қалыптаса бастаған жаңа жағдайға икемдеуге тура келеді. Олар үшін бұл - өтпелі кезең. Үшінші біреулерге өлгені тіріліп, өшкені жанбақшы. Олар үшін бұл - қайта өрлеу, қайта түлеу кезеңі болса, ал төртінші біреулер үшін - атымен жаңа ұрпақтар үшін, бұл шын мәніндегі “дәурендеу” кезеңі.”
Ұлттық руханият адамзат баласының тынысы демекші: “Туған жерге туымызды нық тігейік”.
Абай атындағы ҚазҰПУ,
Ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Бастауыш білім беру кафедрасының профессоры,
Педагогика ғылымдарының докторы
Б. А. Әлмұхамбетов